Байынқолым
Тасиды арнасынан алып ұшып,
Күн сәулесі толқынында шағылысып,
Өсіп едім, өніп едім жағасында,
Балдай татыр суынан қанып ішіп.
Бастауы Хан тәңірден басталады,
Тасығанда таудай үлкен тасты алады.
Шіркін ай сағыныштан жыр боп тұнған,
Жатырғой шектеусіз боп дастан әлі.
Арнасынан азайып қайрылмаған,
Көркем бір бейнесінен айрылмаған.
Сүттей аппақ айымен көзге түсіп,
Көгінен күркіреген жайды ұрлаған.
Орманы бар, тасы бар, таулары бар,
Құдай салған керемет баулары бар.
Табиғаттың тамаша бір бөлшегі,
Өзенімді көрмегеннің арманы бар.
Бұлағындай кәусәрдің мөлдірейді,
Көргенде жан жүрегің елжірейді.
Жап жасыл құрағына жата қалған,
Балалықтың байрағы желбірейді.
Күн сүйген толқындарын кім сүймейді,
Қандай адам суына сүйсінбейді,
Ішкеніңде жан дүниең рақат табар,
Сырт дүниең қаншама күйсін мейлі.
Самалы бар ескен желі тауларынан,
Жұпар иіс аңқыған аумағынан,
Шөбін жеген боз бие желіндейді,
Сапырып ішсең қандай саумалынан.
Менде арман жоқ, қалған жоқ бақыттымын,
Төкпеседе төбемнен жақұтты мың,
Туған жерім-сенде тұнған табиғат бар,
Өткізсемде өлмейтін уақытты мың.
(с) Бақберген. Бағжан.